Жаңалықтар

ІІМ “мектепке бомба қойылды” деп хабар тарататын оқушыларға қатаң ескерту жасады

Фото: shutterstock

Интернет пен әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің жарылыс, өрт қою және басқа да қауіптер туралы жалған хабарламаларды белсенді түрде тарап жатыр. Осыған орай Ішкі істер министрлігі жалған ақпарат үшін жауапкершілік барын ескертті.

Ведомствоның мәліметінше, Алматы облысында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама таратты деген күдікпен 9-сыныптың екі оқушысы ұсталған. Тергеу барысында олардың Астана мен Алматы облысында осындай 14 дерекке қатысы бары анықталған.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысындағы 9-сынып оқушысы әлеуметтік желідегі қолданушылармен жанжалдан кейін олардың атынан Шымкент әкімдігі мен Ақтаудағы сауда үйлерінің бірінің электрондық поштасына жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарламалар жіберген.

Қылмысты жасау кезінде олар анонимді телефон нөмірлері мен электрондық пошталарды пайдаланған.

«Бұл «әзіл» немесе қалжың болса да, мұндай әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Жалған қауіп туралы хабарламалар адамдар арасында дүрбелең туғызып, шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіреді. Мұндай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік қарастырылған. Барлық осындай жағдайлар мұқият тексеріліп, күдіктілер заманауи технологиялардың көмегімен анықталады. Осыған байланысты барлық азаматтарға үндеу жасаймыз: тексерілмеген ақпаратты таратпаңыздар, жалған хабарламалар жібермеңіздер және балаларға мұндай әрекеттердің салдарын түсіндіріңіздер», – деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығының орынбасары Аман Әубәкіров.

Еске салсақ. осыған дейін Ақтаудан келген жасөспірім «Ислам бостандығы» деструктивті тобының мүшесімін деп әзілдеген еді. Егер оның нөміріне 78 млн теңге аударылмаса, сауда орталығы жарылып кететіні туралы хабарлама жазған.