
Қазақстанда су қорының азаюына байланысты су пайдалану лимиттері қысқартылды. Соның салдарынан елдің оңтүстігінде вегетациялық кезеңде су тапшылығы туындауы мүмкін. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, биылғы вегетациялық маусым 2025 жылғы құрғақшылықтың салдарынан қалыптасқан жағдайға байланысты өтеді.
Сырдария бассейні: су деңгейі төмен
Сырдария өзені бассейні бойынша қазіргі су қоймаларындағы су көлемі көршілес мемлекеттер аумағындағы көрсеткіштен 1,6 млрд текше метрге аз.
«Жазғы кезеңде аталған су қоймалары су жинау режимінде жұмыс істейтінін ескере отырып, Қазақстан аумағына келетін су ағыны орташа көпжылдық норманың 70%-ын ғана құрайды. Бұл төмен су жағдайына сәйкес келеді және бассейннің орта және төменгі ағысында су ресурстары тапшылығының айтарлықтай қаупін туғызады», – деді Нұржігітов.
Шу мен Талас өзендерінде де су аз
Дәл осындай жағдай Шу мен Талас өзені бассейдерінде де байқалады:
- Киров су қоймасы 78% ғана толған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 89 млн текше метрге аз
- Орто-Токой су қоймасы 83% деңгейінде, былтырғыдан 79 млн текше метрге төмен
- Талас өзені бассейнінде су мөлшері нормадан төмен болады деп күтілуде
- Шу өзенінде ағын 50–75% аралығында болып, орташа төмен су жағдайы сақталады
Іле өзенінде жағдай тұрақты
Ал Іле өзені бассейні бойынша керісінше, су жағдайы қалыпты әрі кей жерлерде жоғары деңгейде болады деп болжанады. Су ағыны көпжылдық норманың шегінде немесе одан жоғары.
Соған қарамастан, оңтүстік өңірлердегі су қоймаларында жалпы жағдай тұрақты. Қазіргі таңда 26,2 млрд текше метр су жиналған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 млн текше метрге көп.
Нұржан Нұржігітов осыған дейін де оңтүстік өңірлерде егін науқанында су тапшылығы туындауы мүмкін екенін ескерткен еді.