
Алматы қалалық полиция департаменті интернет-дүкен арқылы есірткі саудалағандарды әшкереледі.
Polisia.kz мәліметінше, жедел іс-шаралар барысында есірткі қылмысына қатысы бар туыстық қатынастағы үш азамат ұсталды. Тергеу дерегіне сай, олар тұрақты топ құрамында әрекет еткен. Есірткі сатудың заңсыз схемасын құрып, өзара рөлдерді бөліскен.
Жеке тінту және тұрғылықты жерлерін тексеру кезінде синтетикалық және өсімдік тектес есірткіге ұқсас заттар салынған орамдар тәркіленді. Сонымен қатар электронды таразылар, қаптама материалдары және есірткіні бөлшектеп, сатуға дайындауға арналған өзге де құралдар табылды.
Тексеру барысында қала аумағында есірткі таратуға арналған жасырын көмбелер да анықталды. Тәркіленген заттардың жалпы көлемі ірі партияға жатады. Сондықтан сот сараптамасына жіберілген.
Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батыржан Абдумасаров операция нәтижесінде ұйымдасқан топтың заңсыз әрекеті тоқтатылғанын айтты.
Оның сөзінше, мұндай қылмыстар қоғамға, әсіресе жастарға үлкен қауіп төндіреді. Ал кінәлілер заң аясында толық жауапкершілікке тартылады.
Айта кететін жайт, Түркістан облысы Арыс қаласында ағайындылар синтетикалық есірткі шығарған.