
Атырау облысында қайын жұртын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиеваның кісі өлтіруге қатысы бары анықталмаған.
«Әйелдің кісі өлтіру фактісіне қатысы болмағандықтан, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Ал қылмыс туралы хабарламау фактісі бойынша бөлек іс тіркелді. Алайда оған қатысты әлі құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиева іс бойынша күдікті ретінде танылмаған. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ», – деді Жандар Болатбек.
Бұған дейін Мұқанғалиеваға Алматыда психиатриялық сараптама жүргізіліп жатқаны айтылды. Атырау облысы прокуратурасы сараптама қорытындысы әлі шықпағанын мәлімдеді.
Осылайша Ақбаян Мұқанғалиеваның іс-әрекетіне құқықтық баға психикалық жағдайы толық анықталғаннан кейін беріледі.
Айта кетейік, Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты қылмыстық іс сотқа берілді. Сот қылмыстық 2026 жылдың 18 мамырында басталады.
Атыраудағы жұмбақ өлім
2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.
Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе бастапқыда отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылды. Ал оның әйелі (жоғалған отбасының кенжесі – ред.) Ақбаян Мұқанғалиеваға хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздеу жарияланды.
Содан кейін екеуінің де күдікті деп танылғаны айтылды. Олар Индонезияда ұсталды. Күдіктілерді ұстауға Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі қатысқан.
Полицияның хабарлауынша, бұрынғы ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпурдан (Малайзия) Бали аралына барған. Содан кейін Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сонда тұрған.
