
Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов бала күнінде зорлық-зомбылық көргені туралы бейнежазба жариялаған Нұрғали Нұғманның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, ол жігіт қазір шетелде жүр. Полиция оның елге оралғанын күтеді.
«Кеше БАҚ хабарламасы бойынша шұғыл әрекет жасадық. Алматы қаласы бойынша полиция департаменті түсініктеме берді. Тергеу барысында құқықтық-процессуалды баға беріледі. Тиісті тергеу жұмыстары басталып та кетті. Барлық дәлелдер тексеріледі. Қазіргі кезде мәлімдеуші Қазақстан аумағынан тыс жерде. Ол Қытайдан келгеннен кейін барлық тергеу амалдары жасалады», – деді вице-министр.
Мұның алдында Нұрғали Нұғман «Балапан» телеарнасында жұмыс істеп жүргенінде продюсерден зорлық көргенін айтқан. Бірақ кейін мәлімдемесінде айтылған жайттар «Balapan» телеарнасына емес, коммерциялық жобаға қатысты болғанын нақтылап, арна ұжымынан кешірім сұраған еді.