Жаңалықтар

Дархан Сатыбалды Алматыдағы дүңгіршектерді жаппай сүрмекші

фото ЖИ арқылы жасалды, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматыда 1600-ге жуық заңсыз дүңгіршек мен сауда павильоны заңсыз жұмыс істейді. Қала әкімі Дархан Сатыбалды арнайы жиын өткізіп, заңсыз сауда нысандарын сүруге тапсырма берді.

Қала әкімдігінің дерегінше, рұқсат етілмеген дүңгіршектердің 509-ы мемлекеттік жер телімдерінде, 210 нысан жекеменшік аумақта орналасқан. Тағы 876 нысан бекітілген дизайн-код талаптарына сәйкес келмейді.

Әкімдік өкілдерінің сөзінше, заңсыз қойылған дүңгіршектер жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіреді, қаланың сәулетін де бұзады. Осыған қатысты қала басшысы Дархан Сатыбалды аудан әкімдеріне заңсыз дүңгіршектерді жаппай сүру керек деген тапсырма берді.

«Бұл мәселеде ең алдымен аудан әкімдері жауапты болуы керек. Олар күн сайын аумақтарды аралап, заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға міндетті. Жыл басынан бері бар болғаны 157 нысан сүрілген, бұл мегаполис үшін өте төмен көрсеткіш. Инженерлік желілерден ажырату мәселесін қарастырып, полициямен бірлесіп меншік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет. Заң бәріне бірдей болуы тиіс. Бір ай ішінде нақты нәтиже күтемін», – деді Дархан Сатыбалды.

Әкімдік балама ретінде дүңгіршектер мен фудтрактарды орналастыратын арнайы 142 орын бекіткен. Жыл соңына дейін олардың санын тағы көбейтпекші.

Жазғы дәмханалардың жұмысы да өзгереді

Әкімдіктегі жиында қоғамдық тамақтану орындарының жазғы алаңдарын реттеу мәселесі де талқыланды. Бүгінде қоғамдық тамақтану орындарының үштен бірінде жазғы алаңдар бар. Бірақ қолданыстағы ережелер нысандардың уақытша екенін ескермей, кәсіпкерлерден күрделі құрылыс секілді көп құжат талап етеді. Салдарынан «заңсыз» алаңдар көбейіп кетті.

Осыған байланысты Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы бюрократияны азайтып, ережелерді жеңілдетуді ұсынып отыр. Әзірге, нақты қандай өзгеріс болатыны белгісіз.

Бұған дейін  Алматыда бірыңғай аспалы жол вокзалы пайда болатынын жазған едік. Ол қала тұрғындары мен қонақтар үшін тауға баратын жолды жеңілдетпекші.