Жаңалықтар

Депутат балалар лагерьлеріндегі қауіпсіздікті күшейтуді ұсынды

Депутат балалар лагерлеріндегі қауіпсіздік мәселесін шешу бойынша шара қабылдауды ұсынды
Депутат балалар лагерьлеріндегі қауіпсіздік мәселесін шешу бойынша шара қабылдауды ұсынды /фото: shutterstock

Жыл сайын жаз мезгілінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен ондаған мың бала жазғы демалыс лагерьлерінде тынығуды жоспарлайды. Алайда ел лагерьлеріндегі сапа пен қауіпсіздік алаңдатарлық деңгейде тұр. Осыны айтқан мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады.

фото: мәжілістің баспасөз қызметі

Депутат соңғы жылдары болған бірқатар даулы оқиғаларға тоқталып өтті. Мәселен, Алматы қаласындағы «Арман дала» лагерінде аумақта сауна, мейрамхана, компьютерлік клуб жұмыс істеген. Балалар еденде ұйықтауға мәжбүр болып, ұлдар мен қыздар бір бөлмеде орналастырылған.

Маңғыстау облысындағы «Айналайын» лагерінде («Өзенмұнайгаз» қызметкерлерінің балалары үшін) орын тапшылығы салдарынан балалар төсекке екіден немесе еденде ұйықтаған. Қауіпсіздік нормалары өрескел бұзылған.

Түркістан облысындағы «Арман» лагерінен 400 бала ата-аналардың жаппай наразылығы мен жағдайдың қанағаттанарлықсыз болуына байланысты мерзімінен бұрын эвакуацияланған.

Шымкент қаласындағы «Үш бұлақ» лагерінде белгіленген сыйымдылық нормасы асыра орындалған.

«Мұндай фактілердің жиі қайталануы салада жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді. «AMANAT» партиясы Сайлауалды бағдарламасы аясында бұл бағыт негізгі бағыттар ретінде белгіленген. Қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз ету мақсатында депутаттар балалар лагерьлерін лицензиялау бойынша түзетулерді қолдады. Лицензиялау 2026 жылғы 1 сәуірінен бастап енгізілді», – дейді депутат.

Оның айтуынша, көптеген ата-ана балалардың мектеп жанындағы лагерінен басқа балаларды жіберетін жер жоқ екенін айтып шағымданады. Сонымен қатар жолдаманың бағасы удай қымбат, ал сапасына кепілдік берілмейді.

Депутат балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төмендегідей шараларды ұсынды:

  • Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің, жұртшылықтың және ата-аналар қауымдастығының қатысуымен лицензиялау жүйесіне жатпайтын балалар лагерьлеріне тұрақты тәуелсіз мониторинг енгізу.
  • Балалардың лагерьде демалуы кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін бақылаушы органдар басшылары мен лагерь иелерінің дербес жауапкершілігін белгілеу.
  • Балалардың бос уақытын ұйымдастыруға бөлінетін бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету.

Бұған дейін Қазақстандағы лагерьге бұрынғыдай бір жыл емес бес жыл мерзімге лицензия алуға міндеттелетінін жазған едік.