Жаңалықтар

Fox арнасы әлем чемпионатының барлық ойнын көрген адамға 50 мың доллар төлемек

фото: ЖИ

Америкалық Fox Sports телеарнасы мен Indeed жұмыс іздеу платформасы футбол жанкүйерлері үшін ерекше вакансия жариялады. Олар «Футболдан әлем чемпионатының бас көрермені» лауазымына 50 мың доллар жалақы төлемек.

Жұмыс орны – Таймс-сквер

Таңдалған кандидаттың басты міндеті 2026 жылғы Әлем чемпионатының барлық 104 матчын бастан-аяқ көріп отыру. Ойындарды Нью-Йорк қаласының жүрегі Таймс-сквердегі арнайы жабдықталған жерде көру керек.

Көрерменнен «Fox One» телеарнасы арқылы матчтарды қарап қана қоймай, турнир бойы әлеуметтік желілерде контент жасап, оны тарату талап етіледі. Сондай-ақ Fox Sports-тың Таймс-сквердегі трансляциялары кезінде өтетін іс-шараларға қатысуы міндетті.

2026 жылғы Әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Бұл турнирде тұңғыш рет 48 команда бақ сынайды.

Алғашқы ойын 11 маусымда Мехикодағы «Ацтека» стадионында өтеді. Финал 19 шілдеде Нью-Джерси штатындағы (АҚШ) «Метлайф Стэдиумда» жоспарланған.

Соңғы Әлем чемпионаты 2022 жылы Катарда өткен. 32 команда қатысқан турнирдің финалында Аргентина құрамасы Францияны жеңіп (негізгі уақытта 3:3, пенальти сериясында 4:2), әлем чемпионы атанды.

Бұған дейін, әнші Шакира Әлем чемпионатына жаңа ән шығарғаны туралы жазған едік.