
Парсы шығанағындағы қақтығыс Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-саттыққа да кері әсерін тигізіп жатыр. 2025 жылы қос ел арасындағы тауар айналымы 450 млн долларды құраған. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, жалпы тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу жоспарланған. Алайда 2026 жылғы көрсеткіш 2025 жылдан да аз болуы ықтимал.
Жұманғарин қазіргі кезде келісімшарттарға қол қойылғанын айтып өтті.
«Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан тауар айналымы азаятыны анық. Қос тараптан келісім болғанымен, трейдерлер жағдайдың тұрақтанғанын күтіп отыр. Бұл жерде ең маңыздысы – төлем мәселесі. Иран тауар ақшасын көбіне үшінші елдер арқылы жіберетін. Оған қоса санкцияға іліккен азық-түлік емес тауарларды жеткізу мәселесі шешілмей тұр. Non-food тауар жеткізуге де рұқсат сұрағанбыз, бірақ нәтиже жоқ», – деді ол.
Бұған дейін Қазақстан Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты Иранмен барлық мәмілені тоқтатқаны хабарланған. Ал Teniz Capital сарапшылары Ираннан санкция алынса, Қазақстанға пайдасы зор деп тұжырымдайды.