Жаңалықтар

Қазақстандағы нақты жалақы үш жыл қатарынан төмендеп келеді

Қазақстанда нақты жалақы үш жыл қатарынан төмендеп жатыр
Қазақстанда нақты жалақы үш жыл қатарынан төмендеп жатыр/ фото: kursiv.media

2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында еліміздегі нақты жалақы мөлшері 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға қысқарды.

Номиналды көрсеткіш (салықты есептемегенде) 9,1%-ға өсіп, 461,5 мың теңгені құрады. 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы медианалық мән 331,5 мың теңге болды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Осымен үшінші жыл қатарынан бірінші тоқсанда нақты жалақы төмендеп жатыр. 2025 жылдың қаңтар-наурызында көрсеткіш 2,7%-ға, 2024 жылдың ұқсас кезеңінде 2,9%-ға қысқарған.

Бірінші тоқсандағы соңғы өсім 2023 жылы байқалған еді. Ол кезде нақты жалақы 0,5%-ға артқан. Нақты жалақы ең қатты төмендеген салалар қатарына ақпарат және байланыс (8%), өнер, ойын-сауық және демалыс (7,7%), сондай-ақ білім беру (6,7%) салалары кірді.

Сонымен қатар, көрсеткіш ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларында 7,7%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде 5,7%-ға, сондай-ақ сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды өңдеу, жою және ластануды жою саласында 4,3%-ға өсті.

Өңірлер бөлінісінде номиналды жалақы Абай (14,2%), Павлодар (12,4%), Жетісу (12,2%), Алматы (10,9%) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (10,7%) ең көп өсті.

Нақты жалақы тек Абай облысында ғана 4,2%-ға өсті. Жетісу облысында ол өткен жылмен салыстырғанда өзгерген жоқ, ал қалған барлық өңірлерде төмендеу тіркелді.

Айта кетейік, бұған дейін 15 сәуірде ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екенін айтқан еді. Алайда, Вице-премьер Жұманғарин 8 мамырда Астанада өткен брифингте төменгі жалақы көлеміне қатысты сауалға аса сақтықпен жауап берді.