Қоғам

Қазақстандықтар суға қатысты заңсыздықты анонимді түрде хабарлай алады

«Судың қара нарығына жол жоқ» чат-боты іске қосылды/фото: gov.kz

Қазақстандықтар суға қатысты сыбайлас жемқорлық әрекеттерін анонимді түрде хабарлай алады. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Ведомство Telegram мессенджерінде «Судың қара нарығына жол жоқ» чат-ботын іске қосқан. Ол суару маусымында суды әділ бөлуді қамтамасыз етуге, «Қазсушар» РМК мен филиалдары қызметіндегі сыбайлас жемқорлық және өзге де құқық бұзушылықты анықтап, алдын алуға бағытталған.

Чат-ботты іске қосу үшін «Қазсушардың» филиалдары мен учаскелерінде тұрған QR-кодты сканерлеу қажет. Чат-бот қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді әрі анонимді түрде жүгінуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері заңсыз су алу деректері бойынша 99 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 41 млн теңге.

Елде су қорының азаюына байланысты су пайдалану лимиттері қысқартылды. Салдарынан елдің оңтүстігінде вегетациялық кезеңде су тапшылығы туындауы мүмкін.