
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының басталуына санаулы уақыт қалса да, әлемдегі ең ірі аудиториясы бар елдердің бірі – Қытай әлі күнге дейін турнирді көрсету құқығына ие бола алмай отыр.
Баға мәселесі
Global Times басылымының мәліметінше, FIFA мен Қытайдың Орталық телеарнасы (CCTV) қаржы көлеміне келісе алмай, тығырыққа тірелді.
FIFA трансляция құқығы үшін 250–300 млн доллар сұраған. Ал Қытайдың бастапқы бюджеті небары 60–80 млн доллар көлемінде болған. Кейін сома 120–150 млн долларға дейін төмендетілгенімен, тараптар әлі де ортақ мәмілеге келе алмай жатыр.
Қытай футбол әлемі үшін ең маңызды нарықтардың бірі болып саналады. Өткен әлем чемпионатында Қытай жанкүйерлері белсенділік жағынан рекорд орнатты. Әлем бойынша футболды теледидардан тамашалағандардың әрбір бесіншісі дерлік (шамамен 18%) Қытай тұрғыны болды. Интернет арқылы көргендердің жартысына жуығы да – дәл осы қытайлықтар.
Global Times сарапшыларының пікірінше, Қытай тарапының мұншалықты сараңдық танытуына бірнеше себеп бар.
Қытай ұлттық құрамасының турнир жолдамасын иелене алмауы жанкүйерлердің қызығушылығын төмендеткен. Сондай-ақ, АҚШ, Канада және Мексикада өтетін матчтар Қытай уақытымен түн ортасында немесе таң ата болады, бұл жарнама берушілер үшін тиімсіз.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы Әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Егер тараптар жақын арада келісімге келмесе, миллиардтаған халқы бар ел басты футбол мерекесінен тыс қалуы мүмкін.
Ал бұған дейін, америкалық Fox арнасы әлем чемпионатының барлық ойнын көрген адамға 50 мың доллар төлейтінін мәлімдеген еді.