
Сауд Арабиясы Иранға бірнеше мәрте соққы жасады, бірақ оны көпшілікке жариялаған жоқ. Бұл туралы Reuters батыстың екі шенеунігінің айтқандарына сүйене отырып хабарлады.
Бұған дейін Эр-Рияд Иран аумағына тікелей шабуыл жасағаны туралы мәлімет болған жоқ. Соған қарағанда, Reuters дерегінше, Сауд Арабиясы аймақтағы ірі көршісінен қорғану үшін алғаш рет батыл қадамдарға барған сыңайлы.
Екі дереккөздің айтуынша, Сауд Арабиясының әуе күштері Иран аумағын наурыздың аяғында атқылаған. Дереккөздердің бірі Эр-Рияд оны кек алу мақсатында ұйымдастырғанын мәлімдеген.
Ақпарат агенттігі нақты қандай нысандарға шабуыл жасалғанын анықтай алмады. Сауд Арабиясы сыртқы істер министрлігінің өкілі сауалдарға жауап бермеген.
Reuters есептеуінше, осы шабуылдан соң Иранның Сауд Арабиясына соққылары күрт қысқарған. Эр-Рияд Тегеранға қарымта шабуыл жасалатынын ескерткен.
Осылайша, мәлімет рас болса, Таяу Шығыстағы әскери жанжалға көп ел тартылғанын байқауға болады. Ирандағы соғыс 2026 жылғы 28 ақпанда басталған. Сол күні АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасаған. Артынша Тегеран Таяу Шығыс елдерінде орналасқан америкалық базалар мен Израильге қарымта соққы берген.