Жаңалықтар

Ұялы байланыс тарифі 300%-ға өсті: депутат бағаны мемлекет бақылауына алуды сұрады

Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ұялы байланыс операторларының  тарифтері күрт қымбаттағанын айтып, бағаға мемлекет бақылауын күшейтуді ұсынды.

Депутат: ұялы байланыстың құны күрт қымбаттады

Депутаттың айтуынша, 2022 жылдан бері Қазақстандағы байланыс операторларының тарифтері 20%-дан 90%-ға дейін өскен. Ал жекелеген ұялы операторларда бағаның көтерілуі 3%-дан 300%-ға дейін, кейбірінде 14%-дан 75%-ға дейін жеткен.

«Бұл енді сұмдық жағдай ғой. Мен бұл мәселені әрдайым көтеріп келемін. Бірақ қазір сіздер бұл жеке меншік, жеке бизнес деп, оларды тексере алмаймыз дейсіздер. Егер біз Кәсіпкерлік кодекске кірмейміз десеңіздер, байланыс операторлары тарифтерін өздері белгілей алады, бірақ ол тарифтер сіздердің ведомство тарапынан тексерілуі керек. Мемлекет мұны бақылауы тиіс. Біз әр жолы халық бұрыннан көтеріп жүрген сұраққа жауап таба алмай келеміз. Кім зардап шегеді? Әрине, халық, біз. Егер біз осындай норманы енгізсек, сіздер қолдайсыздар ма?» – деді мәжілісмен.

Министр жауабы…

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев тарифтердің қымбаттауына қатысты бірнеше факторларды атады. Ол әртүрлі тарифтік жоспарлар барын, соның ішінде әлеуметтік тарифтер де қарастырылғанын айтты.

«Тарифтердің жалпы қымбаттауына келсек – иә, әрине, мұндай үрдіс бар. Мұнда бағаның өсуіне әсер еткен объективті факторлар да болды. Бұл – инфрақұрылым. Біз инфрақұрылымға өте ірі көлемде инвестиция салуымыз қажет. Қазір 4G-ден 5G-ге көшу үдерісін жүзеге асырып жатырмыз. Сонымен қатар интернеттің ауылдық елді мекендерге де қолжетімді болғанын қалаймыз. Біз интернет желісін тартып жатырмыз. Мұның бәрі инвестицияны талап етеді», – деді Мәдиев.

Министр соңғы жылдары Қазақстанда интернет-трафик тұтыну көлемі 70%-ға артқанын айтады. Оның айтуынша, соңғы үш жылда 1 гигабайттың бағасы шамамен 15%-ға арзандаған. Қазіргі таңда 1 гигабайттың бағасы шамамен 82 теңгені құрайды.

«Сонымен қатар, мен айтқандай, бізде инфрақұрылым бар. Инфрақұрылымды дамытуға әсер ететін барлық факторлар да қымбаттап жатыр. Бұл біз үшін де, азаматтар үшін де қатысты. Бізде арнайы тарифтер бар. eGov, Aitu мессенджері арқылы интернетке қол жеткізуге болады. Сондай-ақ антимонополиялық бақылауға келсек – оны күшейтуді біз қолдаймыз және алдағы уақытта да дайынбыз. Мобильді байланыс тарифтері бойынша да солай», – деді ол.

Айта кетейік, бүгін, 13 мамырда мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Заң жобасында көрсетілгендей, енді қай оператордан хабарласып жатқаны телефонда көрініп тұрады.