Жаңалықтар

Астана әуежайында ана мен бала бөлмесі уақытша жабылады

Астана әуежайында ана мен бала бөлмесі уақытша жабылады / Фото: 2gis.kz

Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында жөндеу-жаңғырту жұмыстарына байланысты ана мен бала бөлмесі уақытша жабылады.

Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, үй-жайдың ішкі әрлеуін жаңарту, жиһаздарын ауыстыру, санитарлық жағдайын жақсарту және кішкентай балалары бар ата-аналар үшін барынша жайлы кеңістік құру жоспарлануда.

Әуежайдан, сондай-ақ, ана мен бала бөлмелерінің бірі қазірдің өзінде жаңғырту кезеңінде екенін және толық жаңартылатынын хабарлады.

«Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде жолаушыларға балалы ата-аналарға арналған уақытша баламалы күту аймақтары ұсынылады. Жөндеудің аяқталу мерзімі және ана мен бала бөлмесінің жұмысы қайта басталатыны туралы қосымша хабарланады», – деп хабарлады «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, осыған дейін Астана халықаралық әуежайы алдағы жылдары жолаушыларға қызмет көрсету сапасы бойынша Skytrax рейтингінде әлемнің үздік 100 әуежайының қатарына кіруді жоспарлап отырғанын жазған едік.