Жаңалықтар

Білікті шетелдік мамандарды құшақ жая қарсы аламыз – вице-министр

Шетелден келетін білікті мамандарға есік ашық /фото: shutterstock
Шетелден келетін білікті мамандарға есік ашық /фото: shutterstock

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев шетелден келетін білікті мамандарға есік ашық екенін айтты.

Елімізде жұмыссыз жүрген азаматтардың саны аз емес. Десе де вице-министр шетелдік кадрларды елге тарту үрдісі еңбек нарығындағы тепе-теңдікті бұзбайды деп есептейді.

Оның айтуынша, шетелдіктер Қазақстанға негізгі екі бағыт бойынша келе алады. Егер білікті маман ретінде Қазақстанның экономикасын дамытуға ниетті болса, мемлекет барынша қолдау көрсетеді.

«Сапалы мамандар экономикамызға өте қажет. Егер олар салық төлеп, табыс тапқысы келсе, құшақ жая қарсы алып, қажетті көмек көрсетеміз», – деді Ербол Тұяқбаев.

Қазір 50-ден астам мамандық бойынша шетелдіктер Қазақстанға еш кедергісіз келе алады. Әсіресе, атом саласы мен гидроэлектротехника сияқты маман тапшы бағыттарға басымдық беріледі.

Қазақстанға тұрақты тұруға келетіндер азаматтар да бар. Оларға бірқатар талап қойылады.

«Егер адам өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырып, бала-шағасын осында өсіргісі келсе, ол елдің салт-дәстүрін, тілін білуі тиіс. Сонымен қатар бұрын-соңды өз елінде құқық бұзушылық жасамауы тиіс», деп атап өтті вице-министр.

Спикердің айтуынша, осындай талаптар орындалғаннан кейін ғана шетел азаматтары елімізге келе алады.

Айта кетейік, Үкімет шетел азаматтарының елге кіру, виза рәсімдеу және рұқсат құжат, азаматтық алу тәртіптерін жеңілдеткенін жазған едік.