Жаңалықтар

Дональд Трамп пен Си Цзиньпин Иран, Украина, Тайвань мәселелерін талқылады

Дональд Трамп пен Си Цзиньпин Бейжіңде
Дональд Трамп пен Си Цзиньпин / фото: BRENDAN SMIALOWSKI/REUTERS

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Бейжіңде келіссөз жүргізді. 2 сағат 15 минутқа созылған саммитте әлемнің ең ірі екі державасының басшылары Иран, Украина және Тайвань мәселелерін талқылады.

Бейжіңдегі саммит

Трамп Қытай астанасына 13 мамырда кешке барған, бірақ маңызды келіссөздер бүгін таңертең басталды. Бейжің Құрама Штаттар президентін сән-салтанатпен күтіп алды.

Келіссөздер жабық өтті. Трамп қытай басшысымен келіссөз қалай өтті деген сауалға «Бәрі тамаша» деп жауап берді.

Дональд Трамп пен Си Цзиньпин Бейжіңде
Бейжіңдегі серуен / фото: BRENDAN SMIALOWSKI/REUTERS

Түске дейінгі келіссөздерден соң президенттер Бейжіңдегі Аспан ғибадатханасына барды.

«Ғажап. Керемет жер. Қытай тамаша», – дейді Трамп журналистердің Тайвань туралы сауалына тіке жауап бергісі келмей.

Әзірге Трамп бүкіл әлем көз тігіп отырған келіссөздерде нақты қандай мәселелер талқыланғаны туралы ашып айта қоймады.

Иран мен Украинағы соғыстар

Дегенмен Қытай мемлекеттік ақпарат құралдары жоғары деңгейдегі саммитте не айталғанын там-тұмдап бере бастады. Қытай баспасөзінің мәліметінше, Дональд Трамп пен Си Цзиньпин «Таяу Шығыстағы жағдайды» талқылаған.

Әлемнің ірі елдерінің жетекшілері «халықаралық және аймақтық маңызды мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай бойынша пікір алмасты» деп таратты Синьхуа ақпарат агенттігі. Бұған қоса, агенттік дерегінше, олар Украинадағы соғысты талқылаған.

CNN телеарнасының хабарлауынша, саммиттегі басты мәселелердің бірі – Трамп Си Цзиньпинді Ирандағы соғысты аяқтауға көмектесуге көндіруге тырысады. Өйткені Бейжің Тегеранның басты одақтасы. Қытай иран мұнайын көптеп сатып алып отыр, сол себепті оған ықпал ете алады, деп санайды телеарна.

Дональд Трамп пен Си Цзиньпин Бейжіңде
Аспан ғибадатханасындағы президенттер / фото: BRENDAN SMIALOWSKI/REUTERS

Тайвань мәселесі

Қытай басшысы Си Цзиньпиннің мәлімдеуінше, Трамппен келіссөздерде тараптар «конструктивті стратегиялық тұрақты қарым-қатынас» орнатуға келіскен. АҚШ әзірге бүгінгі келіссөздер туралы есеп жариялаған жоқ.

Қытай сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеге қарағанда, Си Цзиньпин «Тайвань проблемасы Қытай мен АҚШ қарым-қатынасының ең маңызды мәселесі» екенін атап өткен. Ол осы мәселе «өз деңгейінде шешілсе», қарым-қатынас та тұрақты болып қала беретінін мәлімдеген. Ал мәселе дұрыс шешілмесе, «аса қауіпті жағдай қалыптастыратын» жанжалға ұласуы мүмкін екенін ескерткен.

CNN мәліметінше, Тайвань билігі бірден жауап қатып, Қытайды өңірдегі тұрақсыздықтың «жалғыз көзі» деп айыптаған.

Трамп пен Си Цзиньпин әлі мемлекеттік банкетке қатысады. Бұдан бөлек, жоғары деңгейдегі келіссөздерге тағы бір күн бөлінген.