
Франция прокуратурасы елдің бұрынғы президенті Николя Саркозиді Муаммар Каддафидің ливиялық режимі қаражаты есебінен өзінің 2007 жылғы сайлау науқанын заңсыз қаржыландыру ісі бойынша жеті жылға түрмеге кесуді талап етті.
Франциялық БАҚ-тың хабарлауынша, қаржы прокуратурасы 71 жастағы саясаткерге бұрын-соңды болмаған қатаң жаза қолдануды талап етіп отыр. Нақты түрме мерзімінен бөлек, айыптау тарапы мемлекеттің экс-басшысы үшін 300 мың еуро көлемінде айыппұл салуды және кез келген мемлекеттік лауазымды атқаруға бес жылдық тыйым салуды сұрауда.
Париждің апелляциялық сотында сөз сөйлеген мемлекеттік айыптаушылар бұрынғы президентті Ливия басшылығынан миллиондаған еуро алуға бағытталған сыбайлас жемқорлық схемасының «архитекторы» деп атады.
Николя Саркозидің өзі сот отырысы барысында барлық айыптауларды үзілді-кесілді теріске шығарып, оларды саяси астары бар және дәлелсіз деп атады. Оның қорғаушылары тергеу тарапынан фактілерді бұрмалау болғанын мәлімдеп, толықтай ақтауды талап етуде.
Еске сала кетейік, 2025 жылы бірінші инстанция соты экс-президентті бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім кескен болатын. Кейіннен берілген апелляция қазіргі үдеріске алып келді, оның барысында прокуратура өз талаптарын қайта қарады.