Жаңалықтар

Көкшетаудағы апат: депутат кінәлілер лауазымына қарамастан жазалануы керегін айтты

Көкшетаудағы көлік апаты
Көкшетаудағы көлік апаты/ Фото: Аскар Ахметуллин

9 мамырда Көкшетау қаласы Сарыарқа ауданында қайғылы жағдай болды. Көлік тізгіндеген әйел адам жаяу жүргіншіні үйдің ауласында қағып кеткен. Жүргінші оқиға орнында жан тапсырды.

Кейін рөлде отырған 52 жастағы әйелдің көлік жүргізу куәлігі болмағаны анықталды.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, көлікте болған әйел жоғары лауазымды полиция қызметкерінің жұбайы болуы мүмкін. Сенатор Марат Қожаев оқиғаға қатысты пікірін білдірді.

Оның айтуынша, бұл істе кімнің қандай қызметте болғаны маңызды емес, өйткені оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

«Елімізде «заң мен тәртіп» қағидасы басты орында. Кез келген азамат лауазымына қарамастан заңнамаға сәйкес тиісті құқықтық бағасын алуы керек», – деді сенатор.

Сонымен қатар ол жүргізушінің куәлігі болмай, көлікке отырғанын сынға алды.

Оқиғаның мән-жайы

Қайғылы оқиға Көкшетау қаласында болған. Әлеуметтік желілерде 9 мамыр күні Көкшетаудың бір шағын ауданындағы жол-көлік оқиғасы түсірілген видео тарады.

Кадрдан көлік аулаға кіріп келе жатып, жаяу келе жатқан әйелді қағып, үстінен басып өткенін көруге болады. Одан кейін көліктен әйел жүргізуші мен жолаушылар жүгіріп шыққан.

Halyqstan Telegram-арнасының хабарлауынша, марқұмның артында жалғыз өзі тәрбиелеп отырған 12 жастағы баласы қалды.

Қылмыстық іс қолғалды

Жол-көлік оқиғасына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Көлікті басқарған әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған және арнайы дайындықтан өтпеген. Оған қатысты адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Ақмола облыстық ПД мәліметінше, күдіктінің жұбайы (көлік иесі) көлікті басқару құқығы жоқ тұлғаға тізгінді бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Айта кетейік, Таразда 15 жасар жасөспірім полициядан қашпақ болып жол апатына ұшарады. Апат салдарынан бір жолаушы қаза тапты.