Жаңалықтар

Мәслихат депутаты миллиондаған теңгенің субсидиясына балық зауытын ашты

Депутат ірі балық ұстайды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысы Жамбыл ауданында «Kargaly Fish» балық шаруашылығы іске қосылды. Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары қатысты. Зауыт өңір мәслихатының депутаты Дәулет Жарасбаевқа тиесілі.

Ханбалық пен бекіре өсіреді

Облыс әкімдігі таратқан ресми ақпаратта жаңадан ашылған нысанның қожайыны кім екені туралы ештеңе айтылмаған, бірақ жобаның жалпы құны 450 млн теңге тұратыны жазылған.

Кәсіпорында жылына 200 тоннаға дейін ханбалық және бекіре тұқымдас балық өсіріледі. Шаруашылықта 15 адам жұмыс істейді.

Облыс әкімі Бақытнұр Бақытұлы жаңа нысанды «өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстардың бірі» деп атаған.

«Қазір облыста тауарлы балық өсірумен 53 шаруашылық айналысады. Олардың жалпы өндірістік қуаты – 11 мың тонна», – дейді шенеунік.

Субсидия алады

Бақытұлының айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап балық өсіру саласында мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері енгізіліп, акваөсіруді дамыту үшін арнайы субсидия қарастырылған.

Әкімдік мәліметінен былтыр осы салаға жергілікті бюджеттен 380 млн теңге бөлінгені, ал биыл 315 млн теңге қарастырылғанын білдік.

«Жаңа кешен – Алматы облысында балық өсіру ісінің қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі» делінген әкімдік мәліметінде.

Балық зауыты кімге тиесілі?

«Kargaly fish» компаниясы, eGov мәліметінше, 2026 жылғы 12 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданында тіркелген. Жетекшісі – Дәулет Жарасбаев. Компанияның екі құрылтайшысы бар. Олардың бірі Дәулет Жарасбаев, ал екіншісі «Техно Снаб 2002» компаниясы.

«Техно Снаб 2002» серіктестігі, eGov мәліметінше, 2002 жылғы 31 шілдеде Жамбыл ауданында ашылып, 2025 жылғы желтоқсанда қайта тіркеуден өткен. Компанияның басшысы да, құрылтайшысы да – Сейітжан Шәуменов. Бір қызығы, дәл осы компанияны Жарасбаев 2022 жылға, яғни мәслихат депутаты атанғанға дейін басқарып келген.

Айта кетейік, «Kargaly fish» пен «Техно Снаб 2002» компаниялары, eGov дерегінше, Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында орналасқан.

Дәулет Жарасбаев 1965 жылы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында туған. Ол 2022-2023 жылдары Алматы облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған. Қазір жай ғана мәслихат депутаты. Алматы облысының мәслихат аппараты сайтында Жарасбаев «мәслихаттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, архитектура және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы» екені аталған.