Жаңалықтар

«Музей түні – 2026»: Биыл қандай шаралар өтеді

фото ЖИ арқылы жасалды

18 мамыр – Халықаралық музей күні қарсаңында әдеттегідей ел бойынша «Музей түні» іс-шарасы өтеді. Бұл күнге Алматы музейлері де қызу дайындалып жатыр.

Театрлардың, VR-шоу мен тарихи кейіпкерлердің басы қосылады

Ұлттық орталық музей биылғы бағдарламаларға «Әрқилы әлемді бір арнаға тоғыстырған музейлер» деген атау бергенн Өнер ошағында сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін көрме, театрландырылған қойылым, концерт, шеберлік сабақтары, квесттер, кинокөрсетілімдер, VR-бағдарлама мен тарихи кейіпкерлермен кездесулер болады.

Бағдарламаның негізгі бөлігінің бірі – музей қорындағы дүниелерден тұратын көрме. Мұнда қазақтың кілем тоқу өнеріне арналған «Масатыдай құлпырған…» атты көрме ашылған. Онда түкті және түксіз кілемдер, қабырға кілемдері мен ХХ ғасырдың басындағы сирек тоқыма бұйымдары қойылады.

Қазақ Радиосының 105 жылдығы мен «Шалқар» радиосының 60 жылдығына орай «Ұлттың үнбайрағы» атты мерейтойлық көрме ашылады. Келушілер Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев пен Мұқағали Мақатаев т.б тұлғалардың «Алтын қордағы» дауысын тыңдай алады.

«Қонақтарымыз «Алтын адам», Томирис патшайым, бақсылар, қазақ хандары мен Алдар Көсемен бірге «жанды музейді» көре алады. Балалар үшін Қазақ мемлекеттік циркінің арнаулы шоу-бағдарламасы дайындалды, сондай-ақ «Қазақфильм» қорынан кино көрсетеді», – дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің директорыСержан Саров.

Акция барысында кілем тоқу, киіз басу, керамика жасау, тоғызқұмалақ ойыны мен көне түркі руникалық жазуы бойынша шеберлік сабағы өтпекші. Алматы қаласы музейі мен Ұлттық орталық музей арасында арнайы экскурсиялық маршрут жасалады. Музей алдындағы алаңда концерт қойылып, «Ақжауын» камералық оркестрі мен еліміздің эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.

Қастеев музейі үлкен бағдарлама даярлады

Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі де шараға қызу дайындық жасап жатыр. Музей директорының көрме қызметі мен сыртқы байланыс жөніндегі орынбасары Мөлдір Бигелдиева осылай деп мәлімдеді.

«Сағат 16:00-ден 24:00-ге дейін қонақтарды музыкалық шоулар, перформанстар, квесттер мен басқа да мәдени іс-шарадан тұратын мазмұнды бағдарлама күтеді. Кейбір тосынсый әзірге құпия болып қалады», – дейді ол.

Бағдарлама бірден екі форматта – музейдің көрме залдары мен музей ауласындағы open air алаңында өтеді. Қонақтарға көрме, перформанс, шеберлік сабағs, музыкалық және театрланған қойылым ұсынылады.

Акция аясында музей қорынан дайындалған және «Самұрық-Қазына Траст» қорының 10 жылдығына арналған «Жеті қазына» көрмесі ашылады. Балалар мен жасөспірімдер үшін «Жеті қазына» атты интерактивті квест ұйымдастырылады.

Сондай-ақ JUNIOR MODELS SHOW fashion-перформансы, концерттік бағдарлама, театрлардың, музыканттардың, этно-орындаушылардың, әртістер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.

Акция өтетін күні музейге кіру тегін. Сонымен қатар сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін қазақ және орыс тілдерінде тегін экскурсия ұйымдастырылады.

Былтыр бұл акцияға Алматыдағы жеті музей қатысқан еді.