Жаңалықтар

Қазақстанда қанша адам несиесіз өмір сүріп жүр

Қазақстанда қанша адамның несиесі бар
Қазақстанда қанша адамның несиесі бар/ фото: shutterstock

Орта есеппен алғанда, әрбір еңбекке қабілетті қазақстандықтың банктерге 2,14 млн теңге қарызы бар.

2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 16 мен 62 жас аралығында 11,75 млн адам тұрып, жұмыс істейді.

Егер елдегі барлық ипотека қарызын жұмыс істейтін халыққа тең бөлсе, әр адамға 604,4 мың теңгеден келеді. Бұл шамамен екі айлық орташа жалақының көлемі.

Ал зат сатып алуға немесе басқа да қажеттіліктерге алынған несиелердің жағдайы қиындау. Орташа есеппен әрбір адамның банкке 1,439 млн теңгеден астам қарызы бар. Бұл соманы жабу үшін кемінде төрт жарым айдың жалақысын толығымен беруге тура келеді

Ресми статистика бойынша, өткен жылдың жазында несиесі бар жеке тұлғалардың саны 7,7 миллионға жеткен. Яғни, елдегі 4 миллионнан астам адамның қарызы жоқ.

Айта кетейік, қазақстандықтардың қарызы еңбекақыдан асып барады. 2025 жылдың соңына қарай ел тұрғындарының қарызы мен жалақысының арақатынасы 51%-ға жеткен.

Дүниежүзілік банк сарапшыларының пайымдауынша, бұл өте қауіпті көрсеткіш.