Жаңалықтар

Қызметкерін медициналық скринингке жібермеген жұмыс беруші жауапқа тартылады

Скринингтен өту кезінде қызметкердің орташа жалақысы сақталады
Скринингтен өту кезінде қызметкердің орташа жалақысы сақталады /фото: shutterstock

Енді жұмыс берушілер қызметкерлерін скринингтен (медициналық тексерістен) өткізу үшін жұмыстан босатуы шарт. Бұл уақытта қызметкердің жұмыс орны да, айлығы да сақталады.

Сенаторлар жұмысшылардың құқығын қорғауды күшейту және еңбек қауіпсіздігін арттыру мақсатында Еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерді мақұлдады.

Қызметкерінің скрининтен өтуі керек екенін туралы хабарлама келеді

Енді емханалар цифрлық жүйе арқылы компанияларға қай қызметкердің тексерілуі тиіс екенін хабарлап отырады. Осыдан кейін басшылар қызметкерлерін скринингке жіберуге міндеттеледі. Егер жібермесе, жұмыс беруші жауапқа тартылады.

Сондай-ақ, заңда қызметкерлердің жеке өмірін қорғау және жұмыс орнында ар-намысын таптатпау құқығы бекітілді.

Бұдан бөлек, жұмыс орнындағы қауіпсіздік талаптары күшейеді. Кәсіпорындардағы қауіпсіздікті тексеретін инспекторлардың құзыреті артады.

Заңның тағы бір бөлімі жұмысшы мен жұмыс берушінің өзара түсінісуіне арналған. Аймақтарда тараптардың бірлесіп жұмыс істеуі бақылауға алынады.

Заң қол қою үшін Президентке жіберілді.

Қазақстанда жұмыс істейтін әрбір азаматтың емханада скринингтен өту үшін әлеуметтік демалыс алуға құқығы бар. Ол үшін жылына 3 жұмыс күніне дейін уақыт беріледі. Бұл күндер негізгі еңбек демалысы болып есептелмейді, жұмыс беруші оны бөлек беруі тиіс. Мұндай құқық Еңбек кодексінің 87-бабында жазылған.

Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қазақстандықтар онкологиялық ауруларға арналған скринингтен тегін өте алатынын жазған едік.