
Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін 4 жылға сотталған Бақытжан Байжанов кассациялық сотқа жүгініп, жазасын жеңілдетуді сұрады.
Сотқа Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді, сотталған Байжановтың әйелі Айнұр Көлдеева мен адвокаттары қатысты.
Үкім – қоғамдағы резонанс нәтижесі
Айнұр Көлдеева күйеуі Бақытжан Байжановтың өзі жасаған әрекетті ешқашан жоққа шығармағанын, тергеу басталған сәттен не істегінен егжей-тегжей баяндағанын айтты.
«Қылмысты жасыру үшін қылмыс туралы білу керек. Күйеуім ол жерде не болғанын білмеген. Марқұмның отбасынан бірнеше рет кешірім сұрадық. Бақытжан өзі де сотта кешірім сұрады. 2024 жылдың қаңтарында Бақытжанның ата-анасы Салтанаттың туыстарымен кездесу үшін Павлодарға барды. Сол себепті жағдайға бей-жай қарады дегенге келіспеймін. Біз ақталу жолын іздемедік, шын жүректен кешірім сұрағымыз келді.
Күйеуіме ең жоғары жаза – 4 жыл берілген. Алайда бұл бап бойынша әдетте жаза мерзімі 2 жылдан аспайды. Соттар тіпті шартты жаза тағайындайды. Бақытжанға шыққан үкім қоғамдағы резонанс нәтижесі сияқты көрінеді», – деді әйел.
Жазасын жеңілдетуді сұрады
Бақытжан Байжановтың адвокаты Әлібек Секеров сотталғанның жазасын жеңілдетуді сұрады.
«Байжанов бұрын сотталмаған және кәмелетке толмаған балалары бар. Сот үкімінде бұл жазаны жеңілдететін жағдай ретінде танылған.
Жаза мерзімінің 5 жылдан аспайтыны, жазаны жеңілдететін мән-жайлар бары сотталғанды шартты түрде босатуға (Қылмыстық кодекстің 63-бабы) мүмкіндік береді.
Бұл жағдайда шартты мерзімге соттауды қолдану жаза мақсатына қайшы келмейді, керісінше заң талаптары мен гуманизм қағидаты арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді», – деді адвокат Секеров.
Сот алқасының шешімі
Қылмыстық істе шыққан үкімді қараған сот алқасы Бақытжан Байжановқа қатысты шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Байжанов 4 жылға сотталды
Байжанов 2024 жылғы 13 мамырда 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Содан кейін Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты Амнистия туралы Заң аясында сотталғанның жаза мерзімі қысқарды.
Байжановтың жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі 1/3-ке қысқартылып, қалған өтеу мерзімі 1 жыл 4 ай 17 күн болып белгіленді.