Жаңалықтар

Тоқаев Эмине Ердоғанның «Zero Waste» бастамасын қолдады

Тоқаев Эмине Ердоғанның «Zero Waste» бастамасын қолдады / Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия еліне жасаған ресми сапары аясында бауырлас мемлекеттің экологиялық жобаларына жоғары баға берді, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы Түркияның бірінші ханымы Эмине Ердоғанның Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында ұсынған «Zero Waste» (Қалдықсыз өмір) ауқымды жобасына арнайы тоқталды.

«Осы бастама елімізде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасымен үндес екенін ерекше атап өткім келеді. Сондықтан біз Эмине ханымның аса қажетті жобасын белсенді түрде қолдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дипломатия және жаһандық қауіпсіздік

Сонымен қатар, Қазақстан президенті Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоғанмен өткен келіссөздер барысында әлемдегі өзекті геосаяси мәселелерді талқылағанын жеткізді. Тараптар халықаралық құқық ұстанымдарының әлсіреуіне және қарулы қақтығыстардың ушығуына алаңдаушылық білдірді.

Екі ел басшылары БҰҰ-ның рөлін күшейту, оның жарғыларын қатаң сақтау және кез келген дау-дамайды тек дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу қажеттігі жөнінде ортақ байламға келді.

Достық пен бауырластық – болашаққа аманат

Тоқаев Қазақстан мен Түркияның стратегиялық серіктестігін нығайту қос халықтың алдындағы қасиетті парыз екенін атап өтті.

«Біз тарихи тамыры терең бауырластығымызды келешек ұрпаққа аманат етіп, қазіргі сан-салалы қарым-қатынасымызды нығайта береміз», – деді президент.

Кездесу барысында екі басшы бейнебайланыс арқылы Түркияда салынған Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектептің ашылу рәсіміне қатысты. Ал Тоқаев Ердоғанды су жаңа Қожа Ахмет Яссауи орденімен марапаттады