
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған өткен келіссөздер барысында экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастық мәселелері жан-жақты талқыланғанын жеткізді, деп хабарлады Ақорда.
Сонымен қатар, ол екі елдің іскерлік орталары арасындағы ықпалдастықты арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін айтты.
«Жібек жолының бүгінгі баламасы ретінде Каспий арқылы өтетін Орта дәліздің маңызы күн санап артып келеді. Біз Қазақстанмен және басқа да серіктестерімізбен бірге бұл дәлізді тауар тасымалын ілгерілету үшін ынталандыруды жалғастырамыз», – деді Түркия президенті.
Ердоған Жерорта теңізінен Орталық Азияға дейінгі аумақта «тілде, пікірде, істе бірлік» ұранымен байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге ниетті екенін білдірді. Ол түркі әлемінің мәдени қазыналарын, ұлы тұлғалардың идеяларын, шығармалары мен рухани мұрасын болашақ ұрпаққа аманаттауды ортақ жауапкершілік деп білетінін атап өтті.
Кездесу барысында екі басшы бейнебайланыс арқылы Түркияда салынған Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектептің ашылу рәсіміне қатысты. Ал Тоқаев Ердоғанды су жаңа Қожа Ахмет Яссауи орденімен марапаттады.