
Украинаның Жоғары антикоррупциялық соты Украина президенті кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермакты екі айға қамауға алды. Алайда ол 140 млн гривен көлемінде кепіл төлесе, бостандыққа шыға алады. Бұл туралы УНИАН агенттігі хабарлады.
Сот шешімінен кейін Ермак өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
«Мен Украинадамын, жасыратын ештеңем жоқ», – деді ол.
Ермак 140 млн гривен кепіл төлеуге ақшасы жоқ екенін, қажетті қаражатты «достары мен таныстарының көмегімен» іздейтінін де айтты.
11 мамыр күні Украинаның Ұлттық антикоррупциялық бюросы мен Мамандандырылған антикоррупциялық прокуратурасы Ермакқа ресми айып тақты. Тергеу мәліметінше, ол Киев облысындағы элиталық құрылыс жобалары арқылы 460 млн гривеннен астам қаржыны заңдастырған топ мүшесі болуы мүмкін.
9 млн доллар жымқырылған
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, күдіктілер төрт элиталық резиденция салуға келіскен. Құрылыс барысында шамамен 9 млн доллар «жылыстатылған».
Ермак есімі «Мидас» деп аталатын тергеу ісінде де аталады. Бұл – Украинаның атом электр станцияларын басқаратын «Энергоатом» мемлекеттік компаниясына қатысты жемқорлық схемасы. Тергеу мәліметінше, қылмыстық істің ұйымдастырушысы кәсіпкер әрі Зеленскийдің жақын серіктерінің бірі Тимур Миндич болуы мүмкін.
Ермак өзіне тағылған айыптарды негізсіз деп атады. Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарына «бұрын-соңды болмаған қоғамдық қысым» жасалып жатқанын айтып, Украинадан кетпейтінін мәлімдеді.
Украина президенті Владимир Зеленский Ермакты 2025 жылы қарашада Президент офисінің басшысы қызметінен босатқан. Сол күні оның үйінде тінту жүргізілді. Кейін қызметінен қуылған Ермак Зеленскийге кесірін тигізгісі келмейтінін айтып, майданға аттанатынын мәлімдеген.
Ермак 2020-2025 жылдар аралығында Украина президенті кеңсесін басқарып, Зеленскийдің ең сенімді серіктерінің бірі атанған.