Жаңалықтар

Жұмыс орнындағы харассмент үшін жаза қарастырылуы мүмкін

Коллаж: kursiv.media архиві

Қазақстанда жұмыс орнында харассмент жасағандарға жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев заң жобасын жетілдіру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.

Харассмент жасағандарға қандай жаза болады

Вице-министрдің айтуынша, жауапкершілік мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отыр. Әкімшілік те, қылмыстық та жаза түрлері қарастырылып жатыр, бірақ нақты шешім қабылданған жоқ. Сөзінше, алдымен харассмент ұғымы заңда бекітіледі, содан кейін ғана соған сай жауапкершілік белгіленеді.

«Біздің ұстанымымыз нақты, біз харассмент үшін жауапкершілікті заңмен бекітеміз. Мұндай жағдайларға қатысты нақты деректер бар. Қызметкерлердің құқықтарын қорғау біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Біздің міндетіміз – жұмыс орнында салауатты орта қалыптастыру. Сондықтан бұл норманың заң жүзінде бекітілуін қатаң түрде талап етеміз», деді ол Сенат кулуарында.

Еңбек ұжымдарында харассмент фактілері тіркелуде

Спикердің айтуынша, тиісті органдар еңбек ұжымдарында орын алатын харассмент пен жағымсыз ахуалға қатысты нақты жағдайлар мен деректерді тіркеп отыр.

Қазіргі таңда заң жобасы мемлекеттік органдармен келісу сатысында. Бұл жұмыс адам құқықтары жөніндегі ұлттық жоспар аясында жүргізіліп жатыр. Алдымен харассмент ұғымының өзі заңда нақты айқындалады.

«Заңнамада, образды түрде айтқанда, «ұғымдық бөлік» пайда болуы керек. Яғни харассмент деген не екенін нақты анықтауымыз қажет. Қандай жағдайларда қолданылады, субъектілер кім, тараптар кім – соның бәрін нақты көрсетуіміз керек. Содан кейін ғана харассменттің табиғатын толық айқындаймыз. Көптеген елдерде мұндай заң бар. Біз де жаңалық ойлап таппаймыз деп ойлаймын», –  деді шенеунік.

Еске салайық, министрлік «харассмент» және жыныстық тиісу үшін жауапкершілікке тарту туралы заң жобасын әзірлеуді 2024 жылы бастаған болатын.