
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған бейнебайланыс арқылы Түркияда салынған Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектептің ашылу рәсіміне қатысты.
Аталған білім ордасы Газиантеп провинциясының Нурдагы қаласында орналасқан. Онда 32 бастауыш және 4 мектепке дейінгі сынып қарастырылған. Ғимараттың жалпы ауданы – 6 мың шаршы метр.
Білім беру кешенінде түрлі оқу және демалыс нысандары қарастырылған:
– мамандандырылған оқу кабинеттері
– зертханалар
– мәжіліс залы
– кітапхана
– амфитеатр
– спорт алаңы
– балалар ойын алаңдары
– қазақтың киіз үйі стиліндегі шатырлар
«Құрылыс барысында жоба Түркияның қауіпсіздік талаптары мен қазіргі нормаларына сай жетілдіріліп отырды. Өңірдің ерекшелігіне бейімделген инженерлік шешімдер арқылы сейсмикалық қауіпсіздік, ылғалдан сақтау және жылу үнемдеу жүйелері қолданылды, – деп хабарлады Ақорда.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 6 ақпандағы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен өңірде жаңа мектеп салу бастамасын көтерген.
Еске салсақ, Түркия президенті Режеп Ердоған мемлекеттік сапармен Астанаға келді. Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары үш күнге созылады. Ол 13-14 мамырда Астанада болады. Ал 15 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысады.