Жаңалықтар

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні / фото: ЖИ

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Бұл атаулы күнді 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен еді. Содан бері бұл мереке әлемнің түкпір-түкпірінде отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жақындар арасындағы сыйластықты нығайту және қоғам назарын жанұя мәселелеріне аудару мақсатында атап өтіледі.

Отбасы – мемлекеттің негізі

«Отан отбасынан басталады» деген аталы сөздің астарында терең мағына жатыр. Мемлекеттің мықтылығы ондағы әрбір шаңырақтың беріктігіне тікелей байланысты.

Отбасыда баланың алғашқы әлеуметтік ортасы, мұнда ұлттық салт-дәстүрлер мен этикалық нормалар бойға сіңеді. Қиын сәтте демеу болатын, қуанышта бірге қуанатын ең жақын жандардың шоғыры. Үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты асыл қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа осы ортада беріледі.

Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым. Қазақ қоғамындағы «жеті ата» жүйесі, туыстық байланыстардың беріктігі және ата-ананы сыйлау – ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұра. «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар». Халқымыз үшін ұрпақ тәрбиесі мен отбасының амандығы әрқашан бірінші орында тұрған.

Еске сала кетейік, бұған дейін 10 мамыр күні Қазақстанда аналар күні аталып өткен еді.