Жаңалықтар

Олжас Байділдинов LRT-мен жүру ақысы тым арзан деп санайды

LRT
коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Экономист Олжас Байділдинов «Курсив» басылымына берген сұхбатында LRT жолақысының 200 теңгелік бірыңғай тарифі барлық жолаушы үшін әділ емес екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, жол жүру құны жолаушы қанша қашықтықты жүріп өткені байланысты болуға тиіс.

Жолақы қашықтыққа қарай есептелуі керек

Сарапшының айтуынша LRT жүйесінде ақы төлеу аймақтарға я болмаса аялдамалар санына қарай енгізілгені дұрыс. Ол бұл ретте Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінің көлік жүйелерін мысалға келтірді. Ол жақта жолаушылар бекетке кіре берісте картасын басады, ал қорытынды сома жол жүріп болғаннан кейін жүріп өткен қашықтыққа қарай есептеледі.

«Соңғы аялдамадан соңғысына дейін баратын адам мен бір-екі аялдама ғана жүретін жолаушы неге бірдей төлеуі керек екенін түсінбеймін. Бұл – мүлдем дұрыс емес, мұны өзгерту керек», – дейді ол.

Сонымен қатар, Байділдинов 200 теңгелік тариф қаланың бір ауданы ішіндегі қысқа бағыттар үшін ғана болғанын қолдайды.

«200 теңге – шағын қашықтық үшін, мысалы, сол жағалау шегінде жүру үшін жарайды. Егер адам сол жағалаудан оң жағалауға баратын болса, онда тариф басқаша болуы тиіс», – деп атап өтті экономист.

Субсидия көлемі

Байділдинов қоғамдық көлікке бөлініп жатқан субсидиялардың орасан зор көлеміне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2025 жылы Астанада субсидиялар шамамен 70 млрд теңгеге, Алматыда – 100 млрд теңгеге жуықтаған, ал бүкіл Қазақстан бойынша бұл сома 1 миллиард долларға жуықтайды.

Экономист егер LRT жүйесі де субсидияға тәуелді болса, бюджетке түсетін салмақ одан әрі артатынын ескертті.

LRT жобасы

Жоба сонау 2011 жылы қолға алынған. Алайда көп уақыт өтпей қомақты қаражат – 5,8 млрд теңге қолды болған.

«Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан сырттай 9 жылға, ал қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков 7 жылға сотталды. Түркияда ұсталған Арданды әлі Қазақстанға экстрадициялаған жоқ.

15 жылдан бері үкімет LRT құрылысына шамамен 1,8 млрд доллар жұмсады. Қазақстан тарихындағы ең шығыны көп жобалардың біріне айналған құрылыс өзін-өзі ешқашан ақтамайды.

Елордада жолаушы қатынасын жеңілдетуі тиіс көлік желісі биыл 16-17 мамырда, яғни демалыс күндері ашылады. Жол әуежай мен теміржол вокзалын жалғастырады. 22,4 шақырымға созылып жатқан желіде барлығы 18 бекет бар. Жолақысы – 200 теңге болмақ.