Жаңалықтар

Президент Тоқаев түркі саммитіне қатысу үшін Түркістан қаласына келді

Тоқаев мінген ұшақ Түркістан қаласында
Мемлекет басшысының ұшағы Түркістан әуежайына қонды / фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысу үшін Түркістан қаласына келді.

Ақорда мемлекет басшысы мінген ұшақтың Түркістан қаласының Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық әуежайға қонған сәтінен фото және видео жариялады. Президент және мәртебелі меймандар саммит қарсаңында қаланың көрікті жерлерін, соның ішінде Яссауи кесенесін аралайды деп жоспарланған.

Алдын ала мәлімет бойынша, түркі елдерінің бейресми саммиті жұма күні Астана уақытымен сағат 15:30-да басталады. Бұған дейін БАҚ өкілдеріне жиын 17:00-де басталуы мүмкін екені айтылған.

Түркістан қаласы
Түркістан қаласында орталық көшелер жабылды / фото: Ақорда

Форум Конгресс Холл ғимаратында өтеді. Басты тақырыптарының бірі – «Жасанды интеллект және цифрлық даму».

Айтулы шарадан хабар тарату үшін Түркістан қаласына 500-ге жуық журналист жиналды. Олар саммит өтетін ғимараттын жанындағы Woosong университеті баспасөз орталығында отыр.

Саммит қарсаңында қалада қауіпсіздік күшейтілді. 15 мамырда шаһар орталындағы бірнеше ірі көше мен аудан жабылды. Конгресс Холл ғимаратының қасында Arlan беренді көлігі, арнайы жасақ тұр.