
Қазақстан Астанада ашылатын жасанды интеллект университетінде түркі мемлекеттерінен келіп оқитын студенттерге грант бөлуге дайын. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде мәлімдеді.
Сауда және ғарыш саласы
Жиында президент бірнеше ұсыныс айтты. Оның ішінде сауда-экономика саласы бойынша ұйымға мүше мемлекеттер арасында электронды құжат пен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізу де бар.
Екінші ұсыныс ғарыш саласына қатысты болды.
«Ғарыш саласы – түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі. Бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми-технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті. Әсіресе спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет. Сол арқылы технологиялық дербестігімізді нығайтып, инновациялық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік туады», – деді Тоқаев.
Жыл сайын олимпиада өткізуді ұсынды
Президенттің сөзінше, білім-ғылым саласында мамандарды даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек.
«Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадр даярлау және озық технологияларды енгізу маңызды. Сондықтан түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамын. Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы грант бөлуге дайынбыз», – деді Қазақстан президенті.
Одан бөлек президент бағдарламалау, жасанды интеллект және озық цифрлық технология салалары бойынша түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастыру қажет деп санайды.
Бұл бастамаларды жүзеге асыруға Түркі инвестициялық қоры қаржылай көмек көрсете алатынын айтты. Қордың жарғылық капиталы 600 млн долларға жетті. Тоқаевтың сөзінше, қаражат көлемін ұлғайтуға болады.
Айта кетейік, елде жасанды интеллект мүмкіндіктерімен жабдықталған AI-Enabled University индустрия университеті ашылады.