
Ұлттық банк дерегіне сәйкес, Қазақстанның халықаралық резерві мен Ұлттық қор активтерінде оң динамика байқалады. 1 мамырдағы жағдай бойынша, Қазақстанның жиынтық халықаралық резерві сәуір айында 3,4 млрд долларға артып, 132,6 млрд долларды құрады.
Резерв көлемінің артуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, алтын қорының көбеюі. Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резерві сәуір айында 1,5%-ға өсіп, 67,8 млрд долларға жетті.
Бір ай бұрын елдің стратегиялық қоры 73,4 млрд доллардан 67,2 млрд долларға дейін, яғни 8,44%-ға қысқарып кеткен еді. Сәуірде қайта өсім байқатты.
Оған ең алдымен алтын портфелінің 1,8%-ға, яғни 52,7 млрд долларға дейін артуы септігін тигізді.
Екіншіден, еркін айырбасталатын валютадағы активтер (екінші деңгейлі банктердің Ұлттық Банктегі шоттары мен депозитіндегі қаражатты қосқанда) 0,5%-ға өсіп, 15,1 млрд долларға дейін көтерілді.
Сонымен қатар елдің стратегиялық жинағы – Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері мамыр айының басында 64,8 млрд долларды құраған.