
Елде 4 жасөспірім бірнеше жыл бойы терроризм әрекеті туралы жалған ақпарат таратып келген. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай мәлімдеді.
Сөзінше, қылмыстық іс аясында тергеу жүріп жатыр.
«Жалған терроризм туралы ақпарат таратқан 14-17 жастағы төрт жасөспірім ұсталды. Олар ұзақ уақыт бойы ел аумағындағы жағдайды тұрақсыздандырып келген. Олардың Астана, Шымкент, Атырау, Тараз, Ақтау және Алматы облысында 20-дан астам дерекке қатысы бары анықталды. Қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр», – деді Жандос Сүйінбай.
Сөзінше, елде 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл әрекеті үшін олар 5 жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін не 5 000 АЕК (21,6 млн теңге) айыппұл төлейді.
«Қылмыс болған жерге барған шұғыл қызметтерге шығын келген. Бұл бапта келген шығынды өтеу де қарастырылған», – деді департамент бастығы.
Бұған дейін ішкі істер министрлігі соңғы уақытта интернет пен мессенджерлерде терроризм актісі туралы жалған ақпарат тарату дерегі жиілеп кеткенін хабарлады. Ведомство мұның әрекет ауыр қылмыс қатарына кіретінін мәлімдеді.