
Бүгін Түркістанда түркі мемлекеттері ұйымдарының бейресми саммиті өтіп жатыр. Жиында ашқан президент Тоқаев түркі елдеріне цифрлық мониторинг және цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынды.
«Мен былтыр Цифрлық даму және киберқауіпсіздік мәселесіне қатысты бірқатар бастама көтердім. Атап айтқанда, түркі мемлекеттері ұйымының цифрлық мониторинг және цифрлық инновациялар орталықтарын құруды ұсындым. Бұл орталықтар ұйымға мүше мемлекеттерінің өсіп-өркендеуіне цифрлық тұрғыдан тың мүмкіндіктер береді», – деді президенті.
Сондай-ақ ол цифрлық әлемдегі осал тұстарын анықтап беретін киберқауіпсіздік жөнінде кеңес құруды да ұсынды.
«Сол алқалы жиында киберқауіпсіздік жөнінде кеңес құру қажетін айттым. Мұндай кеңес еліміздің цифрлық әлемдегі осал тұстарын анықтап, инфрақұрылымға төнетін қауіптің алдын алуға ықпал етеді. Осы құрылым арқылы ұйымға мүше елдердің тиісті органдары жедел ақпарат алмаса отырып, жұмыс істей алады. Қазақстан бұл бастамалар бойынша тиісті тұжырымдамалар әзірлеп, ұйымға мүше мемлекеттерге келісу үшін жолдады», – деп атап өтті Тоқаев.
«Түркі мұрасы цифрландыруы керек»
Қазақстан президенті көтерген тағы басты мәселе – түркі халықтарының мұрасын жинақтайтын цифрлық платформа құру.
«Алтыншы мәселе, ЖИ негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет. Бұл жоба көптілді форматта жасалуы тиіс. Сонда кез келген адам онлайн режимде түркі өркениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерттеп-зерделей алады», – деді ол сөзінде.
Астана бұл бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын екенін де атап өтті.
Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия президенттері қатысып жатыр. Саммитті ашқан Тоқаев түркі елдерін бірлікке үндеді. Ол түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес, бауырлас елдердің ынтымақтастығын арттыру үшін қажет деп түсіндірді.