Жаңалықтар

Тоқаев Түркістандағы жаңа мешітке Шавкат Мирзиёевтің әкесінің есімін беруді ұсынды

Түркістан орталық мешіті
Тоқаев Түркістандағы мешітке Шавкат Мирзиеевтің әкесінің есімін беруді ұсынды / фото: Ақорда

Президент Қ.Тоқаев Түркістанда басталған Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Өзбекстан шаһарға тарту ретінде зәулім мешіт салып бергенін ерекше атап өтті.

«Бүгін Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын ризашылықпен атап өткім келеді. Ерекше тарту жасағаны үшін Өзбекстан президенті, аса қадірлі Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке және өзбек халқына алғысымды білдіремін», – деді ол.

Президент аталған нысанды қазақ-өзбек халықтары ынтымағының тарихи символы екенін атап өтіп, мешітті «Мирамон ата мешіті» деп атауды ұсынды.

«Қос халқымыз шешімді қолдайтынына еш күмән жоқ. Себебі осы қасиетті нысан біздің арамыздағы мәңгі достыққа қызмет ететініне сенімдіміз» деді Тоқаев.

Миромон Мирзиёев – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің әкесі. Ол мамандығы бойынша дәрігер-фтизиатр, яғни туберкулез маманы болған. Көп жылдар бойы туберкулезге қарсы диспансерді басқарған. Өз ісінің маманы ретінде өңірдегі денсаулық сақтау саласына елеулі үлес қосқан. Миромон Мирзиёев зайыбы ерте қайтыс болған соң балаларын жалғыз тәрбиелеп өсірген үлгілі әке әрі еңбекқор адам ретінде сипатталады.

Ескерте кетейік, Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтіп жатыр. Оған ұйымға мүше бес елдің президенттері қатысып жатыр.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёв және Түркия президенті Режеп Ердоған түркі форумына арнайы келді. Олардың бәрін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шақырды.

Ұйымға бақылаушы екі ел – Мажарстан мен Түркіменстан арнайы өкілдерін жіберді.

Саммит Түркістандағы Конгресс-Холл ғимаратында өтіп жатыр. Форумның басты тақыры – «Жасанды интеллект және цифрлық даму».

Айтулы жиыннан ақпарат тарату үшін бұқаралық ақпарат құралдарының 500-ге тарта өкілі қауіпсіздігі күшейтілген Түркістан қаласына жиналды. Олар саммит өтіп жатқан ғимараттың жанындағы Woosong университетінің баспасөз орталығында отыр.