Жаңалықтар

Түркістанда Түркі өркениеті орталығы құрылады – Тоқаев

Фото: Ақорда

Түркістанда Түркі өркениеті орталығы ашылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті барысында мәлімдеді.

Президент түркі мемлекеттерінің тарихи және мәдени мұрасын сақтап қалу маңызды екенін атап өтті.

«Түркі мемлекеттерінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау және оны болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Сол себепті мен Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым. Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды, сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев орталық жұмысын дамытуда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-академиялық әлеуетін пайдалану қажет екенін айтты.

«Бұл университетке қажетті қаржылай және басқа да жәрдем көрсетіледі. Бәрімізде жаңа ғана түркі өркениеті орталығының іргетасын қалау рәсіміне куә болдық. Осы бастамаға көрсеткен қолдауларыңыз үшін сіздерге алғысымыз зор», – деді Президент саммиттің жиынында сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ Тоқаев түркі елдеріне цифрлық мониторинг және цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынды.