
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды.
Құжатқа сәйкес, адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында бірқатар шара қабылданады.
Мәдениет, білім беру және инновациялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болады:
- кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру;
- оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту: цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру;
- туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;
- баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыру;
- ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау.
Үкімет халықтың әртүрлі санаты, оның ішінде балалар мен жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту және кітап оқудың орнықты дағдыларын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз етуге тиіс.
Одан бөлек жаңа форматтағы кітапханалар, көпфункционалды қоғамдық кеңістіктер құрып, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистер ендіруге міндетті.
Ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттауды, оның ішінде туындыларды сапалы аудару, басып шығару, оқырмандардың кең ауқымды аудиториясына тарату арқылы қамтамасыз етеді.
2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын іске асырады.
Одан бөлек 2026 жылдың соңына дейін Кітап оқу мәдениетін және кітап ісін насихаттаудың 2027-2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын бекітуге тиіс.