Жаңалықтар

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Олжас Сүлейменовті 90 жасымен құттықтады

фото: president.az

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев белгілі ақын Олжас Сүлейменовті 90 жасқа толған мерейлі күнімен құттықтап, оны «түркі әлемінің ең танымал әрі бірегей тұлғаларының бірі» деп атады.

Түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасы

Әзербайжан лидері ақынның шығармашылығы әлдеқашан бүкіл түркі халықтарының мәдени мұрасының ажырамас әрі маңызды бөлігіне айналғанын атап өткен.

«Ұлы ақын, публицист, әдебиеттанушы және зерттеуші ретінде Сіз түркі әлемінің ең көрнекті тұлғаларының бірі болып табыласыз», – делінген Әзербайжан Президентінің ресми құттықтау хатында.

Ильхам Әлиев Олжас Сүлейменовтің туындылары әрқашан күрескерлік, азаматтық позициясымен, терең философиялық мән-мағынасымен және ұлттық құндылықтарға деген шексіз құрметімен ерекшеленетінін жеткізді. Сондай-ақ ақынның бауырлас халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегін жоғары бағалады.

Ильхам Әлиев ақынның өткен ғасырдың 80-жылдарынан басталған белсенді қоғамдық-саяси қызметіне және оның қиын-қыстау сәттерде Әзербайжан халқына көрсеткен шынайы бауырмалдық қолдауына тоқталды.

«Сіздің өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері қоғамдық-саяси аренадағы жалынды қызметіңізді әрқашан зор ризашылықпен еске аламыз. Әр қадамыңызда Әзербайжанның әділетті ісін бүкіл жүрегіңізбен қолдап, біздің Жеңісімізді бүкіл түркі әлемінің тарихи жетістігі деп санауыңыз бізге зор рухани күш береді», – деп аяқтады өз сөзін Ильхам Әлиев.

Бұған дейін, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Олжас Сүлейменовті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтаған еді.