
Алматы облысында Балқаш аудандық полиция бөлімінің орынбасары Бауыржан Қабдұлданов әйелін көлікпен басып кеткен. Марқұм алған жарақаттарынан оқиға орынанда мерт болған.
Оқиғаның мән-жайы
Қайғылы оқиға 16 мамыр күні «Қонаев – Бақанас» тасжолында болған. Polites.news басылымының жазуынша, қызметтік көліктің тізгінінде полиция қызметкерінің өзі болған. Көлікте оның жұбайы да бірге келе жатқан.
Жол үстінде ерлі-зайыпты арасында жанжал шыққаны көрінеді. Ер адамның айтуынша, әйелі көлік жүріп бара жатқанда есікті ашпақ болған, содан кейін ол Бақбақты ауылының маңына тоқтап, әйелін көліктен түсіріп кеткен.
Әрі қарай жүргізушінің сөзіне сүйенсек, ол бірнеше шақырым ұзап кетіп, кейін жұбайын алып кету үшін қайта артқа бұрылған. Сол сәтте әйел тасжолдың қақ ортасында жүрген көрінеді. Ер адам оны байқамай қалып, қағып кеткенін айтты. Алған жарақаттарынан әйел оқиға орнында көз жұмған.
Қылмыстық-іс қозғалды
Апаттан кейін көліктің алдыңғы бөлігі майысып қалған. Қазіргі уақытта адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 37 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауына алынды.
Айта кетейік, 9 мамырда Көкшетау қаласында қайғылы оқиға болған. 52 жастағы көлік тізгіндеген әйел жаяу жүргіншіні үйдің ауласында қағып кеткен. Жүргінші оқиға орнында жан тапсырды.