
Алматыда шығармашылық оқу орнында оқитын студенттер үшін 500 орындық жатақхана салынып жатыр. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз конференциясында Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Талап Шерхан айтты.
Ол қалада құрылысы жүріп жатқан 64 мәдениет нысан жайлы атап өтті. Оның ішінде студенттерге арналған жатақхана, Мұхтар Әуезов және Наталия Сац атындағы театр да бар.
«Маңызды жобалардың қатарында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры ғимараттарын қайта жаңғырту жұмысы бар. Сондай-ақ Алматы қаласында шығармашылық оқу орындарының студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана салынып жатыр», – деді спикер
Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақстан халқы» қорымен бірлесіп өңірлердегі 34 мәдениет үйі мен клубтардың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарын да қолға алған.
Баспасөз конференциясында сөз болған М. Әуезов атындағы ұлттық театрдың құрылысы былтыр басталған. Бірақ орта жолда жұмысы баяулап, қаражат жетпей тұрғаны хабарланды.
Сәуірде осы тақырыпқа қатысты Kursiv Media министрлікке арнайы сауал жіберген. Жауапта ведомтство жөндеу жүріп жатқанын, жыл соңына дейін аяқталуы керек екенін айтқан.