
Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиев өзіне тағылған айыпты мойындап, әрекеті үшін өмір бойы түрмеде отыруға дайын екенін мәлімдеді.
«Отбасыма араласып, әйеліммен ортамызға түсіп ажырастырды. Сонда да біз бөлінгіміз келмей бірге тұра бердік. Қайта-қайта қоқан-лоқы көрсетіп, отбасыма араласуын тоқтатқан жоқ. Әйелімді тартып алып, «саған да жоқ, әке-шешеңе де жоқ» деп балаларыммен бопсалауы осындай қылмысқа итермеледі. Ар-намысыма тиді, соңғы уақытқа дейін отбасымды толықтай сақтап қалуға әрекет жасадым», – дейді сотталушы Сәрсемалиев.
Сөзінше, балаларын анасынан да, әкесінен де айырғысы келмеген. Сәрсемалиев жасаған қылмысын мойындап, жазаны көтеруге дайын екенін айтты.
«Олардың іс-әрекеттері, сөздері мені ақылымнан алжастырып, жүйкемді жұқартып, адами болмысымды күйретіп жіберді. Сосын осындай қылмысқа бардым», – деді сотталушы.
Айта кетейік, бүгін Атырауда бүтін отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі басталды. Прокурор оқыған айыптау актісіне сүйенсек, күдікті мен әйелінің отбасымен арада ұзақ уақыт жанжал болған. Оның соңы қайын жұртына деген өшпенділікке жалғасқан. Оған қылмыстық кодекстің 13 эпизод бойынша айып тағылған.