Жаңалықтар

Өңірлерде бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімі белгіленді

Қазақстан өңірлерінде бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімі белгіленді
коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мектептерде бірінші сыныпқа құжат қабылдау 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында өтеді. Тиісті бұйрыққа Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қол қойды.

Құжатқа сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бұл жоба бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламалары бойынша оқуға құжаттар қабылдау мен мектепке қабылдауды қарастырады.

Мектепалды даярлықтан өткен және оқуын дәл сол мекемеде жалғастырғысы келетін балалар ата-анасының өтініші негізінде бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады.

Егер ата-аналар баласын басқа мектепке бергісі келсе, құжаттарды жалпы негізде тапсыруы қажет.

Сонымен қатар, егер қызметке бір уақытта өтінім берушілер саны шекті деңгейден асып кетсе, жаңа пайдаланушылар автоматты түрде «Күту бөлмесіне» бағытталады. Онда олар кезектегі орнын бақылай алады. Кезек жеткенде жүйе пайдаланушыны «Күту бөлмесінен» қызмет алу үшін автоматты түрде басты бетке қайта бағыттайды.

2026 жылғы бірінші сыныпқа құжат қабылдау кестесі: (өңірлер бойынша)

27 мамыр – 31 тамыз аралығында: Астана қаласы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Жетісу және Абай облыстары;

10 маусым – 31 тамыз аралығында: Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары;

18 маусым – 31 тамыз аралығында: Шымкент қаласы, Алматы, Қостанай, Павлодар және Атырау облыстары;

29 маусым – 31 тамыз аралығында: Түркістан, Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда 2026 жылы бірінші сыныпқа құжат қабылдау дәстүрлі түрде 1 сәуірде емес, 27 мамырда басталатынын айтқан еді.