
Қазақстанда орыс тілінде де «ң» әрпі жазылатын болды. Айталық бұдан былай «теңге» сөзінің жазылуы екі тілде де өзгеріссіз қалмақ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша заң жобасына осындай түзетулер енгізбекші.
Жаңа ереже бойынша, құжаттар мен кестелердегі орыс тіліндегі «тенге» сөзі «теңге» деп жазылады.

Жоба әзірлеушілері «бұл нақты түзетудің мақсаты – нормативтік-құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестендіру» екенін түсіндірді.
Айта кететін жайт, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен цифрлық активтерді шығарушылар (эмитенттер) үшін ішкі бақылау жаңа талаптары бекітілді. Яғни, мемлекет шенеуніктер мен олардың туыстарының цифрлық әмияндарына тексерісті күшейтпек.