Жаңалықтар

Қырғызстан Қазақстанның жасанды жаңбыр жауғызу технологиясына алаңдай бастады

Фото: shutterstock

Қазақстанда жасанды жаңбыр шақыру технологиясының енгізіле бастауы Қырғызстанда алаңдаушылық туғызды. Қырғызстан министрлер кабинетінің бұрынғы төрағасы Ақылбек Жапаров бұл әдіс қырғыз Алатауындағы мұздықтарға теріс әсерін тигізеді деп жазады.

Экс-төрағаның сөзінше, жаңа технология су тапшылығы мәселесін шешудің заманауи жолы болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның кері салдары да болады.

«Табиғатта ештеңе жоқтан пайда болмайды және ештеңе із-түзсіз жоғалмайды. Атмосфера, ауа ағындары, ылғал, мұздықтар мен жауын-шашын – бәрі өзара тығыз байланысты біртұтас жүйе. Сондықтан оған ауқымды араласудың салдары бір елдің шекарасынан әлдеқайда асып түсуі мүмкін», – деп атап өтті экс-премьер.

Ол Қазақстанда енгізілген технология Орталық Азияның тұтас экожүйесіне әсер етеді деп есептейді.

«Қырғыз Республикасы аймақта су ресурсын қалыптастыратын негізгі елдің бір деп саналады. Біздің мұздықтарымыз онсыз да жылдам еріп жатыр. Өзен, көл мен су балансының жай-күйі температура, ылғал қозғалысының күрделі жүйесімен байланысты болады. Егер атмосфераға жасанды әсер ету технологиясын жаппай қолдана бастаса, ол Орталық Азияның экожүйесіне ұзақ мерзімге әсер етуі мүмкін», – дейді Жапаров.

Айта кететін жайт, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының басшысымен кездесу барысында Қазақстанның аймақта жасанды жаңбыр технологияларын тәжірибелік түрде қолдануға көшкен алғашқы ел болғанын мәлімдеген еді.

Ақорда мәліметінше, Түркістан облысында БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен бірлесіп су қоймаларын толықтыру және ауыл шаруашылығы аумақтарын сумен қамтамасыз ету мақсатында жасанды жауын-шашын шақыру жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның толық ауқымды іске қосылуы 17 мамыр күні өтті.