
Бүгін, 18 мамыр – қазақ мәдениеті мен әлемдік әдебиеттің алып тұлғасы, көрнекті қоғам қайраткері, ақын, лингвист-ғалым, Қазақстанның Еңбек Ері және Қазақ КСР Халық жазушысы Олжас Омарұлы Сүлейменов мерейлі 90 жасқа толып отыр.
Олжас Сүлейменов – тұтас бір дәуірдің үні, ұлттық намыс пен жаһандық бейбітшіліктің символы. Оның әрбір шығармасы мен қоғамдық ісі қазақ халқының рухын асқақтатып, азаттыққа деген ұмтылысын ширата түсті.
Тектен туған тұлға
Олжас Омарұлы 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында, кавалерия полкінің офицері Омархан Сүлейменұлы мен Бәтима Насыржанқызының отбасында дүниеге келген. Ол – қазақтың атақты серісі, композитор Жаяу Мұсаның бесінші ұрпағы. Сүйіндік Айдабол руынан шыққан ақынның қанындағы еркіндік пен мәрттік қасиет арғы аталарынан дарығаны анық.
Бастапқыда геология факультетін бітіріп, инженер-геолог мамандығын алған Олжас көп ұзамай өз соқпағын әдебиеттен тапты. Мәскеудегі А.М. Горький атындағы Әдебиет институтында оқып, 1959 жылдан бастап оның жалынды жырлары жарық көре бастады. Оның «Адамға табын, Жер, енді!» атты поэмасы адамзаттың ғарышты бағындыру сәтін ғана емес, адам рухының ұлылығын паш еткен мәңгілік туындыға айналды.
«Аз и Я»: Сананы сілкіндірген серпіліс
1975 жылы жарық көрген «Аз и Я» кітабы кеңестік идеологияның негізін шайқалтты. Түркі-славян байланыстарын, «Игорь полкі туралы жырдың» астарларын жаңаша, ғылыми әрі батыл қырынан талдаған бұл еңбек Мәскеуде үлкен дау тудырды. Кітапқа тыйым салынып, ақын сегіз жыл бойы қуғынға ұшыраса да, бұл шығарма түркі әлемінің еңсесін тіктеп, ұлттық сананың оянуына теңдессіз үлес қосты. Олжас Сүлейменов елшілік қызметте жүргенде де бұл зерттеулерін тоқтатпай, «Жазу тілі», «Ежелгі түркілер» сияқты іргелі ғылыми еңбектерді дүниеге әкелді.
«Невада-Семей»: Бейбітшілік үшін күрес
Олжас Сүлейменовтің тарихтағы ең ұлы ерліктерінің бірі – 1989 жылы құрылған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы. Ақынның бастамасымен және халықтың қолдауымен қырық жыл бойы қазақ даласын улаған Семей ядролық полигоны жабылды. Бұл – әлемдік тарихтағы халықтық дипломатияның ең жарқын жеңісі еді. Осы еңбегі үшін 2022 жылы қоғам белсенділері Олжас Сүлейменовті Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну идеясын көтерген еді.
Мерейтойлық тарту: «Адамға табын, жер енді» көрмесі
Ақынның 90 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Алматы галереясында «Адамға табын, жер енді» атты ауқымды көрменің салтанатты ашылуы өтті. Бұл шара Алматы қаласы әкімдігінің, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының, «Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясы» қоғамдық қоры мен Болат Өтемұратов қорының қолдауымен ұйымдастырылды.
Көрме экспозициясына ақын өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бірегей жәдігерлер қойылған:
Олжас Сүлейменовтің құжаттық материалдары мен архивтік хроникалары
Тарихи фотосуреттері мен кітаптарының алғашқы басылымдары
«Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясы» қоғамдық қорының мүшесі болып табылатын суретшілердің Олжас Сүлейменов шығармаларының желісімен салған таңғажайып картиналары мен туындылары.
Көрме 29 мамырға дейін жалғасады.