Жаңалықтар

Түрік инвесторлары Ақтөбеде зауыт ашып, дрон шығарады

фото: ашық дереккөзден

Түрік инвесторлары Ақтөбеде дрон шығаратын кәсіпорын салып, Coca-Cola-ның төртінші зауытын ашпақшы. Бұл жайлы облыс әкімдігі сайтында жазылған.

Turkish Aerospace компаниясы Ақтөбедегі «№406 Азаматтық авиация жөндеу зауыты» АҚ-мен бірлескен кәсіпорын құрмақшы. Ол базада «ANKA» ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығарып, оларға сервистік қызмет көрсетеді.

Ал дайын дрондарды іздестіру-құтқару жұмыстарына, стратегиялық нысандарды күзетуге, мұнай-газ құбырларына мониторинг жүргізуге және табиғи қорық аймақтарын патрульдеуге пайдаланбақшы.

Coca-Cola-ның жаңа зауыты

Одан бөлек «Coca-Cola İçecek Kazakhstan» компаниясы сусындар құю бойынша төртінші зауытын салады. Өндіріс орны Ақтөбеде орналасады. Зауыт халықаралық экологиялық стандарттары бойынша жұмыс істеуі керек. Жоба Kazakh Invest қолдауымен жүзеге асырылады.

Инвестициялық келісім құжатына Ақтөбе облыстық индустриялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков пен Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясының бас директоры Вели Динчель қол қойды.

Жалпы түрік компаниялары Қазақстанға 4 млрд долларға дейін инвестиция салуға дайын. Соның нәтижесінде елде 3100-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады.