Жаңалықтар

Жол ережесін жиі бұзғандарды көлік жүргізуші құқығынан айыратын жүйе енгізілмек

фото: Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
фото: Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жол ережесіне қатысты жаңа жүйе сынақтан өткізіліп жатыр.

Бұл жиі ереже бұзатын жүргізушілерді жүргізуші куәлігінен айырып, тұсау салуға мүмкіндік бермек.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әрбір құқықбұзушылық үшін жүргізушіге 1-ден 3-ке дейін балл есептеледі. Егер жүргізуші 20 балл жинаса, онда ол бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

«Бұл тәсіл жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жол ережелерін жүйелі түрде бұзудың алдын алуға бағытталған», – делінген құжатта.

Құқықбұзушылықтар туралы мәліметтер Бірыңғай әкімшілік құқықбұзушылықтар тізіліміндегі ақпарат негізінде қалыптастырылмақшы.

20 балл жинаған жүргізуші  көлік жүргізу құқығын қайта қалпына келтіру үшін қайта емтихан тапсырмайды. Тек бір жыл күтуге тура келеді.

Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура бірлескен бұйрыққа қол қойған. Пилоттық жоба жүйенің техникалық іске асырылуын сынақтан өткізуге бағытталған.

Техникалық сынақ аяқталып, тиісті тәсілдер пысықталып және қолдау тапқаннан кейін заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу бастамасы көтерілмек.

Айта кететін жайт,  тек камералардың жұмыс тәртібіне қатысты бұйрық 8 мамырдан бастап күшіне енген еді.