
Қазақстан мектептерінде 2025–2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Осы аптада оқушылардың тоқсандық әрі жылдық қорытындылары шығарылып, оқу үлгерімі бағаланады.
Оқушылар 98 күн демалады
25 мамыр, дүйсенбі күні мектептерде дәстүрлі «Соңғы қоңырау» шарасы өтеді. Ал жазғы демалыс 26 мамырда басталып, 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Биылғы каникулдың ұзақтығы – 98 күн.
Қорытынды аттестаттау мерзімдері
Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, қорытынды аттестаттау емтихандары келесі мерзімдерде ұйымдастырылады:
- 9 (10) сынып оқушылары үшін бітіру емтихандары – 29 мамыр мен 11 маусым аралығы;
- 11 (12) сынып түлектері үшін мемлекеттік емтихандар – 2–15 маусым аралығы.
9-сынып оқушылары қандай емтихан тапсырады
9-сынып оқушылары алгебра пәнінен жазбаша емтиханды 29 мамырда тапсырады. Таңдау пәні бойынша сынақ 3 маусымға жоспарланған. 8 маусым күні ана тілінен эссе немесе жазбаша жұмыс өткізіледі. Ал 11 маусымда қазақ тілі мен әдебиеті немесе орыс тілі мен әдебиетінен емтихан болады.
11-сынып түлектерінің емтихан кестесі
11-сынып түлектері емтиханды 2 маусымда Қазақстан тарихы пәнінен бастайды. 5 маусымда алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша жұмыс тапсырады. 9 маусымда оқыту тілі бойынша емтихан өтсе, 12 маусымда таңдау пәнінен сынақ ұйымдастырылады. Соңғы емтихан 15 маусымда тіл және әдебиет пәндерінен өтеді.
Басқа сыныптарға арналған емтихан
Сонымен қатар, 5–8 және 10-сынып оқушылары мамыр айының соңында қазақ тілі пәнінен емтихан тапсырады.
Еске салайық, 10 мамырда 2026 жылғы негізгі ҰБТ басталды. Тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады.